
7 «Ә» сыныбында «ХІХ ғасырдағы білім беру мен ағарту ісі» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Сабақтың негізгі мақсаты – ХІХ ғасырдағы білім беру ісіндегі діни және зайырлы бағыттарды ажыратып, оқушылардың тарихи танымын кеңейту, білім мен ағартудың қоғамдағы маңызын түсіндіру болды.
Сабақ барысында оқушылар «Wordwall» әдісі арқылы өткен тақырыптарды қайталап, «Бұрынғы заманда балалар қалай оқыды?» сұрағы негізінде өз ойларын ортаға салды. Қызығушылықты ояту кезеңінде оқушылар белсенділік танытып, тарихи кезеңдерге қатысты пікірлерін еркін жеткізді. Жаңа тақырып бейнебаян, тірек сөздер және ақпараттық мәтіндер арқылы түсіндірілді.
Сабақта жасанды интеллект мүмкіндіктері тиімді қолданылып, оқушылар ChatGPT көмегімен сұрақтар құрастырды, постер дайындады және тарихи мәліметтерге талдау жасады. «Салыстыру» әдісі арқылы медресе, мектеп және ағартушылық ұғымдарының бұрынғы және қазіргі ерекшеліктері салыстырылып, оқушылардың ойлау қабілеті дамытылды.
Топтық жұмыста «Тарихи инспекция: ЖИ-ді әшкереле» әдісі қолданылып, оқушылар мәтіндегі тарихи қателерді анықтап, сыни талдау жүргізді. Бұл тапсырма олардың зерттеушілік дағдыларын қалыптастырып, тарихи ақпаратты саралай білуге үйретті.
Сабақты бекіту кезеңінде «Wayground quizizz» әдісі ұйымдастырылып, оқушылар өз білімдерін тексерді. Бағалау барысында оқушылар мадақталып, белсенді қатысқан оқушылар ерекше атап өтілді. Сабақ соңында «Ашық микрофон» әдісі арқылы кері байланыс алынып, оқушылар сабақтан алған әсерлерімен бөлісті.
Ашық сабақта заманауи әдіс-тәсілдер мен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығы арттырылып, тарихи білімдері тереңдетілді. Сабақ мазмұны оқушылардың сыни ойлау, салыстыру және өз пікірін дәлелдей білу дағдыларын дамытуға бағытталды.
№10 “Қайнар” мектеп-гимназия” коммуналдық мемлекеттік мекемесі
7 «Ә» сынып
Тарих пәні мұғалімі – Кубейова Гүлзира Бегмановна
Жетісай ауданы