Skip to content

ҮШТАҒАННЫҢ ТҰТАСТЫҒЫ – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ НЕГІЗІ

  • / 116 қаралым

Ата-ана, ұстаз, оқушы. Үшеуі де қоғамның маңызды кейіпкерлері. Бірі – баланың алғашқы тәрбиесін қалыптастырады, бірі – оның білімін жетілдіріп, тұлғалық болмысын дамытуға бағыт береді, ал үшіншісі – сол еңбектің нәтижесін көрсететін болашақ иесі. Бұл үштағанның бірін-бірі толықтыруы – мектептің ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі.

    Ата-ана баласына ең алдымен өмірлік бағыт береді. Баланың мектепке әкелген тәрбиесі, мінезі, құндылықтары көбіне отбасындағы қарым-қатынастың көрінісі. Сондықтан ата-ананың мектеппен байланысы тек жиналысқа қатысумен шектелмеуі керек. Баланың оқуына, тәртібіне, ортасына, цифрлық мәдениетіне, ең бастысы – адамдық қасиеттеріне бейжай қарамау қажет.

  Ұстаз – білім беруші ғана емес, баланың бойындағы мүмкіндікті көре білетін тұлға. Ұстаздың сөзі, ісі, әдебі мен әділеті шәкірттің жүрегінде із қалдырады. Сондықтан ұстаздың кәсіби білімі қаншалықты маңызды болса, адамдық болмысы да соншалықты құнды. Мұғалім баладан тек нәтиже талап етпей, оның сол нәтижеге жету жолындағы еңбегін де бағалай білуі тиіс.

    Ал оқушы – осы үлкен еңбектің ортасындағы басты тұлға. Оны тек «білім алушы» деп қабылдау жеткіліксіз. Ол – ертеңгі маман, ата-ана, азамат, қоғам мүшесі. Бүгінгі оқушының бойына қандай құндылық сіңірсек, ертеңгі қоғамның келбеті де сондай болады. Сондықтан оқушыға талаппен қатар сенім, бақылаумен қатар жауапкершілік, біліммен қатар тәрбие қажет.

    Кейде ата-ана мектептен, мектеп ата-анадан, ал екеуі баладан ғана нәтиже күтеді. Бірақ жауапкершілікті бір-біріне ысыру арқылы сапалы нәтиже қалыптаспайды. Бала тәрбиесі – бір тараптың емес, ортақ міндет.

    Мектеп пен ата-ана бір-бірін кінәлайтын емес, бір-бірін толықтыратын серіктес болуы керек. Ұстаз бен ата-ананың арасындағы өзара құрмет балаға да әсер етеді. Себебі бала үлкендердің қарым-қатынасынан қоғамдағы мәдениетті, сыйластықты, жауапкершілікті үйренеді.

    Сапалы білім – тек жоғары көрсеткіш емес. Сапалы білімнің ең үлкен нәтижесі – білімді ғана емес, арлы, жауапты, елін ойлайтын, өзгені сыйлайтын тұлға қалыптастыру.

     Сондықтан ата-ана, ұстаз, оқушы арасындағы байланыс мықты болған жерде мектеп те мықты болады. Ал мектеп мықты болса, қоғамның ертеңіне деген сенім де берік болады.

Ата-ана – тәрбиенің бастауы.

Ұстаз – білім мен бағыттың темірқазығы.

Оқушы – болашақтың иесі.

Осы үштағанның бірлігі – бүгінгі мектептің ғана емес, ертеңгі елдің тұтастығы.

Тулемисова Ләззат Сламханқызы,

«Аманкелді атындағы №19 жалпы білім беретін мектеп» КММ директоры.

Жетісай ауданы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!
The Importance of Learning English in the Modern World
↑