Skip to content

ЖАС САРБАЗ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Тәуелсіз Қазақстанның болашағын айқындайтын да, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтайтын да — отансүйгіш, білімді, рухы биік жастар. Осы тұрғыдан алғанда, «Жас сарбаз» қозғалысының маңызы ерекше. Өйткені жас сарбаздар — ел қорғаны болуға дайындалып жатқан болашақ азаматтар.

«Жас сарбаз» қозғалысы — жасөспірімдерді әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама. Бұл ұйымға мүше болған оқушылар әскери тәртіпке бағынуды, жауапкершілікті сезінуді, өз Отанына адал қызмет етудің мәнін түсінуді үйренеді. Олар түрлі әскери-спорттық жарыстарға қатысып, саптық дайындық, алғашқы әскери білім негіздерін меңгереді. Мұндай жаттығулар жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың шыдамдылығы мен төзімділігін арттырады.

Жас сарбаздар үшін тәртіп пен ұйымшылдық — басты қағида. Олар күнделікті жаттығулар арқылы өздерінің күш-жігерін шыңдап, қиындықтарды жеңе білуге дағдыланады. Сонымен қатар, жас сарбаздар ел тарихын, батырларымыздың ерлік жолдарын танып-біліп, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиеленеді. Бұл — жастардың елжандылық қасиеттерін қалыптастыруда аса маңызды.

Қазіргі таңда еліміздің көптеген мектептерінде «Жас сарбаз» сыныптары мен әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді. Бұл клубтарда оқушылар тек әскери дайындықпен ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдени-танымдық шараларға қатысады. Әскери-патриоттық әндер айтып, саптық шерулерге қатысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мұның бәрі олардың тұлғалық дамуына үлкен әсер етеді.

Жас сарбаз болу — үлкен жауапкершілік. Себебі олар тек өз мектебінің ғана емес, бүкіл елдің намысын қорғайтын болашақ азаматтар. Әрбір жас сарбаздың жүрегінде туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген адалдық сезімі болуы тиіс. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген жас ұрпақ қана ел болашағын нық қалыптастыра алады.

Бүгінгі жас сарбаз — ертеңгі Отан қорғаушы. Сондықтан олардың тәрбиесі мен дайындығына ерекше көңіл бөлу — баршамыздың ортақ міндетіміз. Елін сүйетін, жерін қорғайтын, намысты ұрпақ тәрбиелеу — тәуелсіз еліміздің басты мақсаты.

Анашов Медет Абилович,

«№76 жалпы білім беретін мектеп» КММ АӘ және ТД оқытушы-ұйымдастырушысы.

Жетісай ауданы.

🔥 Таңдаулы жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ЖОЛДА» ІССАПАРЫ. БІЛІМ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЛЫМДЫ ШАРА
ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ
БІР-БІРІМІЗГЕ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛАЙ БІЛЕЙІК!
The Importance of Learning English in the Modern World
ЛАУАЗЫМ — МӘРТЕБЕ ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІК!