Қазіргі жастарымыз наным –сенімдерге атүсті қарайды . Ал, ата-бабамыз дүниенің әр жағында жаратылыстың сырларына мән беріп бағалаған. Әрбір нәрсе өзінен-өзі болмайды ,оның да қалауы бар деген. Салт-дәстүрдің де озығы мен тозығы бар демек. Сол ескі тозығы жеткен әдет-ғұрыптарымызды еске түсіріп, ескеріп, отырған жөн деп ойлаймын.
Ертедегі адамдар табиғаттың түрлі құбылыстарының (соққан боранның қуаңшылық пен нөсер жаңбырдың, су тасқынының, айдың күннің тұтылуын) ішкі сырын және олардың пайда болу себептерін түсінбей, әр нәрсенің, құбылыстың жаратушы иесі бар, жалынып –жалбарынсақ, табиғат құбылыстары өзгереді , жақсарады деп ұққан.
Бұл әсіресе, көп құдайға табынушылық, шамандық дәуірде пайда болған ұғым. Сондықтан ертедегі адамдар ай мен күнге, от пен суға табиғи күштерге табынып, сыйынатын болған. Қазақтардың жаңа туған айды көргенде:
Ай көрдім, аман көрдім,
Баяғыдай заман көрдім.
Ескі айда есірке,
Жаңа айда жарылқа…- деп айға бата жасап табынуы — шамандық дәуірден қалған ескі ұғымның елесі. [3, 7 бет]
Сол сияқты қазақтар мен буряттардың жаңа шығып келе жатқан күнге де бата жасап, күнге қарап қымыз немесе айран, сүт шашуы тіршіліктің иесі күн деген.Күннің шуақты нұры көп болып, шөп қаулап өсіп, малдың сүті мол болсын деген тілектен туған ырым.Шығыс халықтарында жаңа түскен жас келіннің отқа табынуы,»От-Ана, пәле-жала, жын-шайтаннан сақта»деп отқа май құюы да отты құдірет тұтудан туған наным-сенім. Сондай-ақ, түркі тектес халықтардың малға топалаң, қарасан сияқты жұқпалы індет келгенде, малды оттың арасынан айдап өткізу, отқа түкіруге, одан аттауға, басуға болмайды деп қарап, оттың киесінен қорқуы, қылмысты істерден адалдығын сендіру үшін айыпкердің «оттың киесі соқсын» деп қарғануы, өлген адамның үйінде жетісі өткенше түнде май шам жағып қою ырымдары – шаман дінінің қалдығы. Ертедегі қараңғы адамдар тұрмыс-тіршілігі, күн көрісі жолында кездескен қиыншылықтарды, табиғат апаттарын, ауру-індеттерді әр түрлі ырымдар жасап, жалбарыну арқылы жеңбек болған. [1, 130 бет]
Мәселен, жауын жаумай, егін, шөп шықпай қуаңшылық болған кезде мал сойып,тасаттық беріп, құдайға жалбарыну арқылы көктен жаңбыр тілеу ырымы – сол көне түсініктің халық арасындағы қалдығы. Мұны «күн жайлау» «бұлт шақыру» деп те атаған. Күн жайлату, бұлт шақыру ырымдары ақ боз жылқы сойып, жиналған елге үлестіру, өлеңмен жаңбыр иесіне жалбарыну арқылы орындалған.Шарт бойынша жиналған көпшіліктің бата оқылып, қол жайылғанынан кейін тілек өлеңнің сөзін дем алмай ашық, айқын, айғайлап айтуы керек. Олай етпесе күн жаумайды-мыс.»Бұлт шақыру» өлеңі былайша басталады:
Ат басындай, ақ бұлт,
Қой басындай көк бұлт,
Қоғалы көлдер құрыды,
Құба жондар шөлдеді
Қолдан қара жауын бер!
Нөсерлетіп дауыл бер!
Жандай досым, ақ бұлт,
Омыраудан соқ бұлт!
Ескек желді, сұр бұлт,
Еріктірмей жете гөр!
Көл-көсір ғып жер бетін
Нөсерлетіп өте гөр!…
деген тілек өлеңмен өріледі. Немесе көк тәңірісіне ар-
нау өлең айтып:
Тасырқасаң тау жаудыр,
Қасарыссаң қар жаудыр.
Буырқансаң, мүз жаудыр,
Мұздай темір құрсандыр.
Қайыңның басын қайыра соқ!
Арша басын айыра соқ!
Тобығы басын толғай соқ!
Атан түйе жыға соқ!
Кел, кел, бұлт, кел бұлт!
Екі енеге тел бұлт!
Шөптің басы жерлерден
Жүгіре соғып, кел бұлт!
Ат бауырынан өте соқ!
Үзеңгіні үзе соқ!
Тебінгіні тесе соқ! — деп нөсер жауынның күшті, құдіретті болуын тілеген. [2, 76бет]
Сондай-ақ, ертеде адамдар малды немесе адамды жылан, бүйі, қарақұрт шаққанда әр түрлі ырымдар жасап, арбау өлең-жырымен жыланның немесе қарақұрттың уытын қайтаруға өлеңдерін арнап әлсіретуге болады деп түсінген. Олар әрбір жан иесі – жәндіктің жаратушысы, құдайы болады деп ұғынып, соларға сөз құдіреті арқылы әсер етпек болған. Бұл үшін арбау өлеңінде ең күшті деген заттардың атын қосып, әр түрлі құдайлардың атын атап, адамды немесе малды шағатын жәндіктерді қорқытқан, ұрсып зекірген. Сөйтіп, ертеден адамдар улы жәндіктерді өзіне бағындыруды, уын қайыруды, әлсіретуді көздеген, шағылған малды немесе адамды жазып алуды мақсат еткен. Арбау өлеңдері, көбінесе, улы жәндіктердің немесе олардың жаратушы иелерінің аттарын анайы айтылады және үрейлі, жан түршіктіретін, қорқыныш енгізетін, сескендіретін құдіретті сөздерді қолданады. Кейде адам түсінбейтін, бірақ жәндіктер ғана түсінеді деген оймен айтылған сөздер арбау өлеңдерінен орын алып отырады. Мұндағы көзделетін мақсат улы жәндіктерді арбай отырып сөз мағынасымен буындарын байлап тастау, әлсіретіп жеңу күшін қайтару. Мысалы, жылан шаққанда айтылатын арбау өлеңінде:
Кер, кер, кер жылан,
Кереге басы мер жылан….
Пайғамбарлардың демінен
Дегелек келді, шық жылан!
деп әмір бере сөйлейді. Болмаса бүйі шаққанда айтылатын арбау өлеңінде былай делінеді:
Бүйі, бүйі, бүйі шық!
Отыз омыртқадан шық,
Қырық қабырғадан шық!
Менің атым Найман-ды,
Ту биенің етіне
Турап берсең тайман-ды,
Енді сені қойман-ды, — деп зікір салады.
Ал, қарақұрт шаққанда айтылатын арбау өлеңі басқаша, адам түсінбейтін сөздерден құралған болып келеді. Оның себебі арбауды қарақұрттың тілінде сөйлеуді мақсат еткендіктен туындаса керек. [1, 330бет]
Мысалы: Ай, қай керкі, қай керкі,
Жылан меркі, шаян меркі,
Күллі, күллі, күллі мекен
Шық, тәңіріден парман келді! — деп бұйыра, зікір сала түсініксіз өлең жолдарымен айтылады. Арбаудың бұлайша түсініксіз сөздермен айтылуы «қарақұрт тілінде сөйлеп, әсер еттім» деген ойдан туған. Қай арбау өлеңін алсақ та, улы жәндіктерге зекіру, қорқыту, бұйыра сөйлеу басым болатыны байқалады. Сөз кұдіретімен жан-жануар, тіршілік иелерінің бәріне әсер етуге болады деп, сөздің құдіретті магиялық күшіне сену ертедегі адамдарға тән қасиет болған. Қазақтың «жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» деген мәтелі сол ойдың тілдегі көрінісі. [5, 18бет]
Діни наным-сенімдермен байланысты туындаған өлең-жырлар адам баласының сана-сезімі төменгі сатыда тұрған кездегі, табиғат күштерінің ішкі сырын терең зерттеп білуге ақыл-парасаты, ғылыми өресі жетпей тұрғандағы көне түсініктен туындаған, олар қазақтың ескілікті тұрмыс-салтымен байланысып ілесіп келгендігін білдіреді. Діни наным-сеніммен байланысты салт-дөстүрлердің бір түрі — бақсылар сарыны. «Бақсы» деген сөз және осымен байланысты ұғым ерте заманда, шамандық дінге сүйенген кезде туған. Мысалы, Түрікмендердегі Көрүғлы, қазақ, әзірбайжан жұрты пір тұтқан Қорқыт ата, т.б. бақсылық өнерді қуған адамдар деген.
Ертедегі адамдардың түсінігінше, бақсы құдайдың айрықша жаратқан адамы саналған. Олардың бойында әрі сиқыры бар, әрі аруағы бар, жұртты жарылқаушы, ауру-сырқауды емдеуші, алдағыны болжаушы құдіретті адамдар деп білген. Бақсылардың қолынан келмейтіні, олардың білмейтіні жоқ деп түсінген.Бақсылардың аруағы бар,»жыны» бар, өлең-жыр арқылы өздерінің иелерімен сөйлеседі, көмек жәрдем алады деп сенген. [2, 73бет]
Бақсылар халық арасында абырой, беделге ие болу үшін поэзияны (өлең-жырды), ән-күйді, биді молынан пайдаланған. Осы негізде қазақ ауыз әдебиетінде «бақсылар сарыны»деп аталатын өлең-жыр, күйлер туған.Олардың біразын сол бақсылардың өздері шығарған. Бақсылар өлең-жырымен, қобыз күйімен, асатаяқты биімен ауру адамды немесе ауру малды емдемек болғанда, «күн жайлатып, бұлт шақырғанда» зікір сала жындарын шақырып, жаратушымен «тілдескен». Бұл ретте олар әр түрлі әдістер қолданған, жиналған жұрттың денесін түршіктіріп, қорқыныш үрей туғызатын, зәресін ұшыратын құбылыстар жасаған (қанжар, пышақ қыздырып, өз денесін кескілеу, күйдіру, аузынан көбік атып селкілдеп құлау, көздерін алартып, тістерін шықырлатып, жын-шайтанмен сөйлесу, т.б.). Сондай-ақ, олар адамның сезіміне ерекше әсер ететін күйлер тартқан, өздерінің «жындарын» адам қорқатын жәндіктер бейнесінде суреттеп өлең-жырға қосқан. Мәселен, ауруды емдегенде:
Кереге байлы кер жылан,
Керілмей-ақ, кел жылан,
Үй айнала сұр жылан
Сумаңдамай, жүр жылан!
Алты жылан ат етік,
Екі жылан қолшы етіп
Белдемеден, соқ жылан! — деп қамшысын немесе ала жіпті жыланша ирелеңдетіп, аурудың мойнына салып, белінен соғып «емдейтін» болған. [4, 40 бет]
Жалпы, бақсыларды Ш.Уәлиханов айтқандай, қазақ халқы «тірі рух» деп қарап, ерекше қадір тұтқан. Ауруларды бақсы-балгерлер отпен, сумен емдеп, олардың иесі болады деп қараған. Оны малдың өкпесімен қағу, суық су бүркіп ауру адамның психикасына ерекше әсер ету арқылы емдеген. Сондықтан да бақсы-балгерлердің ем-домы кейде сәтті шығып, ауру адамдардың дертінен мүлде сауығып та кететін жайттар кездеседі. Оның себебі, ауру адамның емшіге беріле сеніммен қарауынан деуге болады. Қорыта айтқанда, наным дін салтынан туған өлең-жырлар халық санасымен құрылған екендігі айқын көрінеді.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- С.Қалиева, Ж.Молдабеков, Б.Иманбекова: Этнопедагогика «Фолиант» Астана – 2007ж.
- Қазақ бақсы –балгерлері Алматы «Ана тілі» 1993 ж.
- Б.Мұханова, Р.Ильясова: Этнопедагогика «Фолиант» Астана – 2008 ж
- Қазақ халқының салт-дәстүрлері: «Рауан» Алматы– 1994ж
- Кенжехан Ісләмжанұлы: «Рухани уыз» Алматы «Ана тілі» 1993 ж.
Ерманова Сания Бөленбайқызы,
арнайы пәндер оқытушысы,
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының
«Гуманитарлық колледжі» мекемесі.